Теңгеге не қолайлы болып тұр? Сарапшылар доллар бағамының төмендеу себебін түсіндірді
Қазақстан қор биржасында (KASE) 18 тамыздағы сауда-саттықта теңге долларға шаққанда кейінгі бірнеше айдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Америкалық валюта 460 теңгеден төмен саудаланып жатыр, мұндай көрсеткіш сәуірден бері болмаған еді. Сарапшылар Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында мұның себебі неде екенін және алда не күтетінін айтып берді.
KASE-дегі сауда-саттық қалай өтті?
Доллар ең төменгі деңгейге түскен сәтте 459 теңгеден саудаланды, бұл америкалық валюта үшін алдыңғы күнгі сауда-саттықтың жабылуымен салыстырғанда 0,4 пайызға төмен. Сауда сессиясының соңына қарай доллар позициясын сәл нығайтып, 462,1 теңге болды. Теңгенің кезекті нығаю кезеңі 28 шілдеден бері жалғасып келеді. Содан бері ұлттық валюта биржада 3,7 пайызға қымбаттады. Алматыдағы ақша айырбастау пунктерінде долларды сәл қымбатырақ - 461,2 теңгеге сатып алуға болады, ал сату бағасы 456,1 теңге болады.
Теңге іргелі факторларға қарамастан өсіп жатыр ма?
Теңге бағамына әсер ететін іргелі факторлар кейінгі айларда бір-біріне қайшы келіп тұрү Маусыман бері Ұлттық банк ақша-несие саясатын екі рет жұмсартып, базалық мөлшерлемені төмендетті: алдымен 18-ден 17 пайызға дейін, кейін тағы сәл азайтып, 16,75 пайызға түсірді. Бұл қадам шетелдік инвесторлар үшін теңгенің тартымдылығын төмендетуі тиіс еді. Ашық қолжетімді соңғы деректер, керісінше, шілдеде мемлекеттік борыштың қайталама нарығында бейрезиденттер инвестициясы 32 миллиард теңгеден 33,5 миллиард теңгеге дейін артқанын көрсетеді. Жалпы операциялар көлеміндегі шетелдік инвесторлардың үлесі де 16,1 пайыздан, 19,7 пайызға дейін өскен.
Мұнайдың әлемдік бағасы тамыздың басынан бері жүйелі түрде өсіп келеді. 5 тамыздан бері қымбаттау 15 пайыз болды. Жарияланым шыққан сәтте Brent маркалы мұнайдың қазандағы фьючерсі (белгіленген бағамен кейінге қалдырылған жеткізілім келісімшарты) барреліне 91,35 доллардан саудаланып жатыр.
Сондай-ақ маусымнан бастап Ұлттық банк республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттер шеңберінде Ұлттық қордан валюта сату көлемін азайтты. Мамырда операциялар 500 миллион доллар болған. Ал маусымда бұл сома Ұлттық банктің өзі "айналау" деп атайтын жаңа механизмнің қолданылуына байланысты 2,5 есе азайып, 200 миллионға дейін түсті. Ол ішкі нарықта шетел валютасының тиісті көлемін бір мезгілде сатудың орнына, Ұлттық қордан түсетін жалпы түсім көлемін бірнеше айға біркелкі бөлуді қарастырады. Реттеушінің жоспары бойынша, мұндай тәсіл трансферттердің теңге бағамына әсерін жұмсартуы тиіс.
Шілдеде Ұлттық банк биржада тағы 200 миллион доллар сатты. Тамызда 200-300 миллион доллар көлеміндегі операциялар туралы айтылды. Осылайша, бұл фактор, базалық мөлшерлеменің төмендеуі сияқты, теориялық тұрғыдан теңгенің жүйелі түрде нығаюына ықпал етпеуі керек еді.
Кеңірек контексте ұлттық валютаның қазіргі нығаюын былтыр күзде басталған үрдістің бір бөлігі деп санауға болады. Қазаннан бастап теңге, мамандардың күткеніне қарамастан, 16,4 пайызға қымбаттады. Кейінгі рет доллар 500 теңгеден жоғары бағаны ақпанда көрсеткен еді. Содан бері сарапшылар бұл құбылыстың уақытша екенін бірнеше рет айтып, ұлттық валютаның жуырда әлсірейтінін болжаған. Halyk Finance сәуірде 2026 жылдың аяғына қарай доллар бағамы 540 теңге болады деп болжам жасады. Былтыр күздегі нығаюды түсіндіре келе, сарапшылар резидент емес инвесторлардың келуін, базалық мөлшерлеменің 16,5-тен 18 пайызға дейін көтерілуін және Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің артуын атап өткен болатын.
Инвесторлар әлі де теңгені таңдайды
Қаржыгер Арман Бейсембаев базалық мөлшерлеме қатарынан екі рет төмендегеннен кейін де шетелдік инвесторларды тарту үшін жеткілікті деңгейде жоғары болып қала береді деп санайды. Теңгедегі активтерді, соның ішінде Қазақстанның мемлекеттік қарызын, carry trade стратегиясын қолданатындар әлі де пайдаланып келеді: бұл стратегия мөлшерлемесі төмен елден қарызға ақша алып, мөлшерлемесі жоғары елдің активтерін сатып алуды көздейді. Тіпті 16,75 пайыздық мөлшерлеме АҚШ-тағы 3,5-3,75 пайыздан және еуроаймақтағы 2,4 пайыздан әлдеқайда жоғары, деп атап өтті Бейсембаев.
"Статистика нарыққа келіп, орасан зор көлемде, соның ішінде қазақстандық борышты сатып алып жатқан резидент еместердің, шетелдік инвесторлардың көп екенін растайды. Бұл - шетел валютасының дәл сол қосымша ұсынысы. Жаңа мәліметтерде барлық сатып алудың 60 пайызын бейрезиденттер жасағаны көрсетілген. Бұл - классикалық carry trade", - дейді Бейсембаев.
Қаржы кеңесшісі Данияр Құрмашев та осындай пікірде. Ол инвесторлар мемлекеттік облигацияларға ғана емес, кірістілігі ресми инфляциядан айтарлықтай асатын банктік депозиттерге де ақша сала алатынына назар аударады.
"Қазіргі уақытта "мөлшерлеменің төмендеуі → капиталдың жылыстауы → теңгенің әлсіреуі" деген классикалық тізбек бұрынғыдай қатты жұмыс істемей тұр", - дейді Құрмашев.
Сондай-ақ Бейсембаев теңгенің пайдасына жұмыс істейтін басқа да факторларға назар аударады. Көктемде АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс кезіндегі әлемдік бағаның жоғары болуы жағдайында мұнай экспортынан түскен жоғары валюталық түсім нарыққа енді ғана келе бастады. Ұлттық банк биржада алтын экспортынан түскен валютаны сатуды жалғастырып жатыр, ал биылғы демалыс маусымында халық тарапынан доллар мен еуроға деген сұраныс әдеттегіден төмен болды. Негізгі капиталға (жабдықтар, жылжымайтын мүлік, көлік) салынған инвестицияларға арналған бюджет шығыстарының азаюы да қосымша әсер етті. Елге тікелей шетелдік инвестициялар көптеген жылдан бері алғаш рет теріс көрсеткішке ие болған былтырғы қиындықтардан кейін, бизнес өз дамуына инвестиция салу үшін ресурстарды өз бетінше тауып, тартып жатыр.
Сарапшының пікірінше, осындай жағдайда Қаржы министрлігі мемлекеттік компаниялардан экспорттық түсімнің жартысын сатуды талап етуді де тоқтатқан. Теңгені қолдау мақсатында былтыр енгізілген бұл шара бұрынғы маңыздылығын жоғалтты.
"Осының бәрі теңгерімсіздіктің туындауына әкеп соқты. Соның салдарынан, жалпы алғанда, бағам қазіргі деңгейге тұрақтады. Оның одан ары нығаю мүмкіндігі бар. Кейбір пікірлерге сәйкес, бағам бір долларға 440 теңгеге дейін баруы мүмкін. Қазіргі жағдайды ескерсек, мен әзірге 455 теңге шамасын шекті меже деп көріп отырмын. Тағы да айта кететін жайт, егер Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені төмендету кезеңін бастайтыны туралы қандай да бір нақты жұмсақ сигнал бермесе, бағам осы деңгейде қалады. Оның өзі валюта нарығына бірден әсер ете қоюы екіталай", - деп атап өтті Бейсембаев.
Оның болжамынша, жыл аяғына қарай теңге сәл әлсіреп, доллар бағасы 500 теңгеден сәл асады. Ол уақытқа қарай ұлттық валютаға демеу болып отырған негізгі факторлар күшін жояды. Сарапшы желтоқсанға дейінгі айларда Ұлттық банк монетарлық саясатты жұмсартуға көшіп, базалық мөлшерлемені айтарлықтай төмендетуі мүмкін екенін, бұл теңгені шетелдіктер үшін тартымсыз ететінін айтады.
Айта кетейік, тамызда Ұлттық банк валюта нарығындағы жағдай мен теңге бағамының өзгеруіне қатысты түсініктеме берген болатын. Сол кезде реттеуші қысқа мерзімді перспективада теңге динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болатынын түсіндірді.
