Түйе құдыққа түсіп кеткен: Аралда ерекше құтқару операциясы видеоға түсірілді
Қызылорда облысында құтқарушылар ерекше операция жүргізді - тұрғын үйдің жанындағы құдыққа түсіп кеткен түйеге көмектесті. Құтқару сәтінің кадрларын ТЖМ жариялады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Оқиға Арал қаласында болған. Жануар Әбілқайыр хан көшесіндегі үйдің жанындағы құдыққа түсіп кеткен.
Оқиға орнына ТЖМ қызметкерлері жедел жетті. Құтқару операциясына АСА-20 арнайы техникасы жұмылдырылды. Құтқарушылар түйені құдықтан қауіпсіз шығарып алу жұмыстарын ұйымдастырды. Арнайы техниканың көмегімен жануар жоғары көтеріліп, иесіне тапсырылған.
Айта кетейік, осыған ұқсас жағдай мамыр айында Арал ауданында болған еді. Сол кезде де түйе құдыққа түсіп кетіп, тұрғын үй жанында өздігінен шыға алмаған болатын. Жануарға құтқарушылар көмекке келді - арнайы техниканың көмегімен олар оны жер бетіне аман-есен шығарды.
