BMW гүрілі Астананы оятты: екі жүргізуші 10 тәулікке қамауға алынды
Жас жігіттер түнде қала көшелерінде маневр жасау қағидаларын бұзып көлік жүргізген. Сонымен қатар жүргізушілердің бірі автокөліктің шығару жүйесінің құрылымын өзгертіп алған.
"Қозғалтқыштың қатты гүрілі түнгі уақытта тыныштық пен қоғамдық тәртіпті бұзып, елорда тұрғындарының мазасын алды", - деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Тәртіп сақшылары екі жүргізушіні де тоқтатты. Ер адамдарға қатысты автокөліктерді заңсыз қайта жабдықтағаны және маневр жасау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Көліктер коммуналдық тұраққа қойылды.
Жол қозғалысы ережелерін бұзудан бөлек, жүргізушілер ұсақ бұзақылық жасағаны үшін де жауапқа тартылды. Сот шешімімен олардың әрқайсысына 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Астана қаласының Полиция департаменті (@police__astana) жариялаған жазба
Полиция автокөліктерді заңсыз қайта жабдықтауға тыйым салынғанын еске салды. Ведомство жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға және түнгі уақытта тұрғындардың тыныштығын бұзбауға шақырды.
