Берлинде полиция ЛГБТ-шеруінде адамдарды көлікпен қаққан күдіктіні атып өлтірді
Берлин полициясы Christopher Street Day ЛГБТ-шеруіне қатысушыларды көлікпен қаққан 21 жастағы күдіктіні атып өлтірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz DW басылымына сілтеме жасап.
Абдул Б. Берлиннің Шпандау әкімшілік округінде ұстау кезінде қаза тапты. Бұл туралы жексенбі күні, 26 шілдеде кешке Der Tagesspiegel және Die Zeit газеттері, сондай-ақ Берлин мен Бранденбургке бағытталған rbb телеарнасы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады. Кейінірек бұл ақпаратты Берлин полициясы өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында растады.
Der Tagesspiegel басылымының мәліметінше, атып өлтірілген күдіктінің толық аты-жөні - Абдул Баллут. Құқық қорғау органдары оны жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00 шамасында бау-бақша кешені аумағынан тапқан. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол қолындағы суық қарумен полицейлерге тап берген. Осыған байланысты тәртіп сақшылары оқ жаудырған. Күдіктіге медициналық көмек көрсетуге тырысқанымен, ол оқиға орнында көз жұмған.
Сонымен қатар, Bild таблоидының хабарлауынша, Абдул Б. атып өлтірілген бау-бақша телімі оның әкесіне тиесілі болған. Құқық қорғау органдары күдіктінің дәл сол жерде екенін оның айналасындағы дереккөз арқылы анықтаған.
Билік өкілдерінің айтуынша, марқұм исламшыл топтармен байланыста болған. Ол биыл мамыр айында ғана қылмыс жасаған жасөспірімдер мен жастарға арналған түзеу мекемесінен босап шыққан. Онда ол террорлық акт дайындады деген күдікпен қамауда болған.
Абдул Б. Берлинде туған, Германия азаматы, ал отбасының тегі ливандық, деп атап өтті n-tv телеарнасы. 2025 жылдың соңында жас жігіт Ливаннан оралғаннан кейін Берлин-Бранденбург әуежайында ұсталған болатын. Тергеу мәліметтері бойынша, ол бұған дейін "Ислам мемлекеті" террорлық тобының қатарына қосылу мақсатында Сирияға өтпек болған.
25 шілде күні кешке Берлиннің Тиргартен саябағы ауданында ақ түсті фургон ЛГБТ-шеруіне жиналған топты қағып кетті. Салдарынан бір әйел қаза тауып, 29 адам жараланды. Билік оқиғаны террорлық акт деп атады.
Келесі күні Бранденбург қақпасының алдына жүздеген адам жиналды. Олар қаза тапқан жанды еске алып, көлік адамдарды қаққан оқиғадан зардап шеккендерге қолдау білдіруге келді.
