Ерлі-зайыптыны жаяу жүргіншілер өткелінде қағып кеткен: Қостанайдағы сот залында ер адам қамауға алынды
Қостанайда жол апатына себепкер болып, салдарынан бір әйел қаза тапқан 22 жастағы жүргізушіге қатысты үкім шықты. Ол кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Kstnews.kz-ке сілтеме жасап.
Жол-көлік оқиғасы 2025 жылғы қыркүйекте кешкі уақытта болған. Іс материалдарына сәйкес, Hyundai Elantra жүргізушісі жылдамдықты асырып, Қайырбеков көшесіндегі "Солнечный" дүкені маңындағы жаяу жүргіншілер өткелінде ерлі-зайыпты Тақжановтарды қағып кеткен. Болат Тақжановтың жамбас сүйегі сынған, ал оның жұбайы 42 күннен кейін ауруханада қайтыс болған. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, өлімге жол апатында алған жарақаттар мен соның салдарынан асқынған тромбоэмболия себеп болған.
Тергеу барысында қорғау тарапы әйелдің өлімі ілеспе ауру - қант диабетімен байланысты болуы мүмкін екенін алға тартып, қосымша сараптамалар жүргізуді сұраған. Сондай-ақ сот талқылауы кезінде марқұмның денесін эксгумациялау мәселесі де көтерілген, алайда оған туыстары қарсы шыққан. Қорытындысында Қостанай қалалық № 2 соты жол-көлік оқиғасы кезінде алынған жарақаттар мен әйелдің өлімі арасында тікелей себеп-салдарлы байланыс бар деген шешімге келді.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, өкінетінін жеткізді. Сондай-ақ сотта жүргізуші екі жылдық өтілінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 10 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны айтылды. Сот прокуратура сұраған мерзімнен жеңілірек жаза тағайындады.
Бұдан бөлек, сотталған азаматтан марқұмның жұбайы мен ұлының пайдасына моральдық шығын ретінде 5 миллион теңге, сондай-ақ материалдық шығын мен сот шығындары өндірілді. Сондай-ақ ол бес жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған. Үкім жарияланғаннан кейін ер адам сот залында қамауға алынды.
