Қазақстандықтардың 300 миллион теңгеге жуық айыппұлы кешіріледі: Мемлекеттік кірістер комитеті
Айыппұлдан кімдер босатылып, кімдер босатылмайды?
Комитет өкілдері әкімшілік рақымшылық Қазақстан азаматтарын, жеке кәсіпкерлерді, жеке нотариустарды, жеке сот орындаушыларын, адвокаттар мен заң кеңесшілерін әкімшілік айыппұлдардан босатуды қарастыратынын айтты.
Рақымшылық шарасы заңды және лауазымды тұлғаларға, қандастарға, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.
Бұдан бөлек, рақымшылық сот тағайындаған әкімшілік жазаларға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқықбұзушылықтарға қатысты жүрмейді.
Мемлекеттік кірістер органдары қарайтын істер бойынша рақымшылық келесі әкімшілік құқықбұзушылықтарды қамтымайды:
ӘҚБтК-нің 275-бабы - салық салу объектiлерiн және салықтық есептілікте көрсетілуге жататын өзге де мүлікті жасыру;
ӘҚБтК-нің 277-бабы - салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң есепке жазылған (есептелген) сомаларын төлеуден жалтару;
ӘҚБтК-нің 278-бабы - салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң сомаларын төмендету.
"Аталған құқық бұзушылықтар құрамын рақымшылық жасаудан алып тастау олардың салық салу объектілерін жасырумен және салықтық міндеттемелерді орындаудан жалтарумен байланысты болуына, сондай-ақ мемлекеттің экономикасына елеулі залал келтіруіне негізделген", - деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитетіндегілер.
Бизнеске айыппұл мен өсімпұл бұрын қалай кешірілді?
Сондай-ақ комитет микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін шартты "таза парақ" тетігі іске асырылғанын еске салды. Ол 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша салық берешегі сомасын толық төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұлды есептен шығаруды қарастырған болатын. Нәтижесінде микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне ӘҚБтК-нің 278-бабының 1-бөлігі және 275-бабының 5-бөлігі бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдар кешірілді.
"2026 жылғы 9 сәуірдегі жағдай бойынша негізгі салық берешегін 13 млрд теңге сомасына өтеген 19 мың микро және шағын бизнес субъектісіне 4,4 млрд теңге мөлшеріндегі өсімпұлдар және 4,9 млрд теңге мөлшеріндегі айыппұлдар есептен шығарылды", - деп мәлімет берді Мемлекеттік кірістер комитеті.
Қаржы министрлігінің алдын ала есептеулері бойынша, қаралып жатқан заң жобасын ескерсек, әкімшілік рақымшылық айыппұлдары 298,4 миллион теңге болатын 2 370 адамға қатысты болуы мүмкін. Оның ішінде 72,7 миллион теңге қарызы бар 448 жеке тұлға және 225,6 миллион теңге айыппұлы бар 1 930 жеке кәсіпкер бар.
"Түпкілікті көрсеткіштер заң қабылданып, ресми түрде қолданысқа енгізілгеннен кейін айқындалады", - деп толықтырды комитеттегілер.
Ел тарихындағы алғашқы әкімшілік рақымшылық
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда бірден екі рақымшылық - қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жасалмақ. Егер алғашқысы елде бұрын да қолданылса, әкімшілік рақымшылық ел тәуелсіздігі тарихында бірінші рет болады.
Рақымшылық кімдерге қатысты болады, қандай айыппұлдар автоматты түрде жойылады, Қуандық Бишімбаев пен Перизат Қайрат жаза мерзімін қысқартудан үміттене ала ма, сондай-ақ неге мемлекет мұндай қадамға дәл қазір баруды шешкені туралы Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева айтып берді. Толығырақ материалдан оқыңыз.
Сонымен қатар ІІМ алдағы әкімшілік амнистия аясында тек өз бағыты бойынша қазақстандықтардың 17 миллиард теңгеден астам айыппұлы кешірілетінін хабарлаған болатын. Жалпы амнистия 15 мемлекеттік органның құзыретіне кіретін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 263 бабын қамтиды.
