ЖИ нарығындағы дүрбелең сарапшыларға 2000-жылдардағы дағдарысты еске салды
Әлемдік қор нарықтарында жасанды интеллектімен байланысты компаниялардың акцияларын жаппай сату үдерісі күшейді. Сарапшылардың бір бөлігі мұны инвесторлардың бұл салаға құйылған миллиардтаған инвестицияның қаншалықты тез ақталатынына күмән келтіруімен байланыстырады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әлемдік биржаларда ЖИ-компаниялардың акциялары құлдырай бастады
25 маусымда америкалық технологиялық Nasdaq индексі 1,59 пайыз, ал S&P 500 индексі 0,8 пайыз төмендеді. Бұл ретте экономиканың дәстүрлі салаларындағы компанияларды қамтитын Dow Jones индексі 0,14 пайыз өсті.
Нарық қатысушыларының пікірінше, инвесторлардың бір бөлігі қаражатты технологиялық сектордан неғұрлым консервативті активтерге аудара бастаған.
Технологиялық компаниялар акцияларын жаппай сату Азиядан басталды
Оңтүстік Кореяның ірі технологиялық компаниялары алғашқылардың бірі болып қысымға ұшырады. Әсіресе, Samsung пен SK Hynix-ті қоса алғанда, микросхема мен жад карталарын өндірушілердің баға көрсеткіштері айтарлықтай төмендеп, 23 маусымда 12 пайыздан астам арзандады.
Анықтама: Қор индексі - белгілі бір компаниялар акциялары бағасының жалпы қозғалысын көрсететін көрсеткіш. Егер бағалы қағаздардың көп бөлігі қымбаттаса, индекс өседі және керісінше. Бұл нарықтың жалпы жағдайын бақылауды жеңілдетеді. Индекстер жалпылама болуы мүмкін немесе белгілі бір елдердің, экономика секторларының немесе басқа да белгілері бойынша біріктірілген компаниялардың акцияларын қамтиды.
Сол күні Кореяның басты қор индексі Kospi бірден 10 пайыз төмендеп, соның салдарынан сауда-саттықты уақытша тоқтатуға тура келді. Осылайша биржа басшылығы инвесторларды сабырға шақыруға тырысты. Жиынтық түрде Samsung пен SK Hynix әлемдік жедел жад нарығының шамамен 67 пайызын иеленеді.
Кейін акцияларды жаппай сату америкалық нарыққа да әсер етті. Nasdaq пен S&P 500 сәйкесінше 2,2 және 1,4 пайыз - айтарлықтай қатты емес деңгейде төмендеді. Әлемдік жад карталары нарығында үшінші орын алатын Micron компаниясы құнды қағаздарының құлдырауы ерекше байқалды. Оның акциялары бір күнде 13 пайыз арзандады.
Дағдарыстың алғашқы күндеріндегі тағы бір елеулі оқиға - әлемдегі ең бай адам Илон Маск дәулетінің азаюы болды. Жақында ғана биржаға шыққан SpaceX акцияларының құлдырауына байланысты Маск уақытша долларлық триллионер мәртебесінен айырылды.
Неге инвесторлар ЖИ-компаниялар акциясынан құтыла бастады
Сарапшылар құлдырауға әкеп соққан нақты бір себепті атай алмайды. Олардың пайымдауынша, инвесторлар жасанды интеллект саласындағы компаниялар технологияларды дамытуға жұмсалған орасан зор шығынды тез арада өтей алатынына күмәндана бастаған.
Кейінгі айларда ЖИ-ге жұмсалатын шығындар айтарлықтай өсті. Бұл жаңа модельдерді әзірлеуге ғана емес, дата-орталықтар салуға, жабдықтар сатып алуға және олардың жұмысын қамтамасыз ету үшін қосымша энергия көздерін құруға да қатысты. АҚШ-та ірі технологиялық компаниялар саланың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жаңа энергетикалық нысандарды салу бойынша бірқатар келісім жасады.
Financial Times сауалнамасына жауап берген мамандар мен нарық қатысушылары ЖИ-ді енгізу мен пайдалану бизнеске 2026 жылдың басындағы болжамнан әлдеқайда қымбатқа түсіп жатқанын растайды. Осыған байланысты кейбір компаниялар өз жоспарын қайта қарап, жасанды интеллектіге жұмсалатын шығынды қысқарта бастады, бұл технология әзірлеушілердің, чип және басқа да жабдық өндірушілердің табысына соққы болуы мүмкін.
Күтпеген салдардың бірі - жақында үнемдеу және ЖИ-мен алмастыру мақсатында қысқартылған қызметкерлердің еңбек нарығына қайта оралуы. Олардың көбі бұрынғы жұмыс орындарына қайта келіп жатыр.
Таяу Шығыстағы қақтығыс пен ФРЖ мөлшерлемесі нарыққа қысымды күшейтіп жатыр
АҚШ пен Иран арасындағы сақталып отырған белгісіздік қосымша факторға айналды. АҚШ президенті Дональд Трамп жариялаған бейбіт келісімге әлі күнге дейін қол қойылған жоқ. Оның үстіне, Иран әлемдік мұнай тасымалы үшін маңызды Ормуз бұғазын қайтадан жауып тастады.
Инвесторлар АҚШ Федералды резерв жүйесі (Орталық банктің АҚШ-тағы баламасы) мөлшерлемесінің күтіліп отырған өсуіне байланысты технологиялық компаниялар акцияларының таяу болашағына да алаңдаушылық білдіреді. Егер мөлшерлеме көтерілсе, несиенің қымбаттауы сектордың дамуын қиындатады, ал қор нарығына қатысушылар назарын облигацияларға аударады.
Нарықта жаңа "доткомдар көпіршігі" туралы айтыла бастады
Бақылаушылар мен журналистер қазіргі дағдарысты 2000 жылғы "доткомдар көпіршігімен" - сол кездегі жаңа саланың бірнеше айлық дүмпуінен кейін болған интернет-компаниялар акцияларының жаппай құлдырауымен салыстырады. Дегенмен, құлдырау басталғанына көп уақыт өтпегендіктен, оның ықтимал салдарын нақты бағалау қиын. Нарықта қарама-қарсы үрдіс байқалады. 25 маусымда Корея биржасында SK Hynix акциялары 13 пайыз қымбаттады. Бұған компанияның бағалы қағаздарын америкалық биржалардың біріне орналастыруға дайындығы туралы хабарламалар себеп болды. Чип өндіруші алдағы дамуы үшін инвесторлардан шамамен 45,5 триллион вон (29,4 миллиард доллар) тартуды жоспарлап отыр.
