“Оларға тіл табысу және дос табу қиын“: Әшімбаев зумерлер туралы пікір білдірді
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев зумерлер буынының көптеген өкілі психологиялық қиындықтарға, бейімделу және қарым-қатынас мәселелеріне тап болып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол бүгін "Психологиялық қызмет туралы" заңды қарау кезінде айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Сенат спикерінің айтуынша, көптеген жастың психологиялық қиындықтарға тап болып жүргені байқалады.
"Оның себептері әртүрлі болуы мүмкін: әлеуметтік желілердің, интернеттің, жасанды интеллектің әсері, өмірдің жоғары қарқыны. Әрине, бұл бәріне бірдей қатысты емес, бірақ мәселе бар және ол барған сайын айқындала түсіп жатыр", - деді Мәулен Әшімбаев.
Әшімбаевтың айтуынша, жастарға кейде бейімделу, араласу, дос табу және қарым-қатынас орнату қиынға соғады. Бұл ретте көбі өз мәселелері туралы айтуға ұялады, ал ата-аналар баланы стигматизациялаудан (таңбалаудан) қорқып, көмекке жүгінуге сескенеді.
"Бұл буын - елдің болашағы. Мемлекетті дамытатын, шешім қабылдайтын және елді басқаратын да осы жастар. Сондықтан қазіргі әлемде психологиялық төзімділіктің маңызы ерекше", - деп атап өтті Сенат спикері.
Мәулен Әшімбаев мәселені ашық талқылауға және психологиялық қиындықтарға тап болған жастарды қолдау жүйесін құруға шақырды.
Отырыс қорытындысы бойынша Сенат "Психологиялық қызмет туралы" заңды мақұлдады. Енді құжат Президентке қол қоюға жіберіледі.
Мән-жайы
3 маусымда Мәжіліс екінші оқылымда заңды қабылдады. Құжат психологтардың мемлекеттік тізілімін құруды, бірыңғай кәсіби стандарттарды енгізуді қарастырады, сондай-ақ мамандар мен психологиялық көмек алушылардың құқықтары мен міндеттерін бекітеді.
Бұған дейін Мәжілісте іс жүзінде кез келген адам өзін психолог деп атай алатыны айтылған болатын. Жаңа заң мамандардың білімі мен біліктілігіне қойылатын талаптарды белгілейді, сондай-ақ оларды құпиялылықты сақтауға және клиенттің хабардар етілген келісімін алуға міндеттейді.
