Қырғызстанда Тәшиевтің күйеу баласы делінген азамат алаяқтық ісі бойынша ұсталды
Қырғызстанның Әскери прокуратурасы Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) бұрынғы басшысы Қамшыбек Тәшиевтің күйеу баласы делінген Азамат Дыйқанбаевты ұстады, деп хабарлайды Tengrinews.kz жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
Не болды?
24.kg агенттігінің хабарлауынша, оған қатысты "Қызмет бабын пайдаланып алаяқтық жасау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Жалал-Абад гарнизоны Әскери прокуратурасының мәліметінше, Дыйқанбаев Манас қалалық ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалған.
"Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын және басқа да қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген басылым мәтінінде.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, кейбір деректер бойынша Дыйқанбаев МҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің күйеу баласы болып келеді. БАҚ ол әр жылдары ұлттық қауіпсіздік органдары жүйесінде жұмыс істегенін жазды.
Қамшыбек Тәшиевтің ісі
Қамшыбек Тәшиев – Қырғызстан ҰҚМК-нің бұрынғы төрағасы.
Еске сала кетейік, "75-тің ісі" бойынша ҰҚМК-нің бұрынғы басшысы, экс-бас прокурор, Жогорку Кенештің бұрынғы спикері және тағы бірқатар қайраткер тергеліп жатыр. Фигуранттарға билікті күшпен басып алуға дайындалды деген айып тағылса, Қамшыбек Тәшиевке қосымша лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылған.
МҰҚК экс-басшысы Қамшыбек Тәшиев көпшілік алдына шығып, Жапаровты мақтады
Биыл 10 ақпанда президент Садыр Жапаров өзінің досы әрі серіктесі Қамшыбек Тәшиевті барлық қызметінен босатқан болатын. Қырғызстан басшысы баспасөз қызметінің мәліметінше, "бұл қадамның басты мақсаты – мемлекет бірлігін нығайту және қоғамда, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасында іріткі тудыруға жол бермеу".
Жапаровтың баспасөз хатшысы бұған дейін хабарлағандай, Тәшиевтің айналасындағы адамдар депутаттарға қоңырау шалып, оларды "генералдың жағына шығуға" және "жаңа президент сайлауын бастауға" үгіттеген көрінеді.
Тағы оқыңыздар: Желіде Қырғызстан МҰҚК экс-басшысы Тәшиевтен жауап алу видеосы пайда болды
