Қазақстанда ипотека мөлшерлемелері төмендетілмек. Бірақ ескеретін жайттар бар
Қазақстанда нарықтық ипотека бойынша шекті мөлшерлемеге қатысты тәсілді қайта қарау жоспарланып отыр. Қарыз алушылардың бір бөлігі үшін ол қазіргі 25 пайыздан төмен болуы мүмкін, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұл туралы үкімет кулуарында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов мәлімдеді.
Одан екінші деңгейлі банктердегі нарықтық ипотека, яғни "Отбасы банкі" және мемлекеттік бағдарламалармен байланысты емес стандартты банктік өнімдер бойынша мөлшерлемелердің төмендеуін күтуге бола ма деп сұрады.
Қизатовтың айтуынша, қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктердегі нарықтық ипотеканың үлесі ипотека нарығының шамамен 30 пайызы болады. Қалған 70 пайызын "Отбасы банк" пен "7-20-25" бағдарламасы қамтамасыз етіп отыр.
"Қазір ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шегі 25 пайыз болады. Біз бұл деңгейді келесі жылдың аяғына дейін ұзарттық", - деді ол.
Сонымен қатар, ҚНРДА төрағасы орынбасарының сөзінше, агенттік келесі жылдан бастап Ұлттық банкпен бірлесіп, ипотека бойынша шекті мөлшерлемеге сараланған тәсілді енгізуді жоспарлап отыр. Оның көлемі LTV көрсеткішіне - несие сомасы мен сатып алынатын тұрғын үй құнының арақатынасына байланысты болады.
"Егер ипотекалық несие бойынша бастапқы жарна сомасы жоғары болса, тиісінше несие сомасы аз болады. Мұндай жағдайда несиелік тәуекел төмен, сондықтан біз мұндай қарыздар бойынша ЖТСМ 25 пайыздан төмен болуы мүмкін деп санаймыз", - деп түсіндірді Қизатов.
Егер LTV көрсеткіші 70 пайыздан асса, яғни бастапқы жарна аз болып, несие сомасы үйдің құнымен салыстырғанда жоғары болса, мұндай қарыздар бойынша шекті мөлшерлемені 25 пайыз деңгейінде сақтау жоспарланған.
"Ипотека бойынша ЖТСМ енгізуге қатысты тиісті сараланған тәсілді келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізуді жоспарлап отырмыз", - деді ол.
Сондай-ақ Қизатов нарықтық ипотека бойынша мөлшерлемелер Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне байланысты болатынын атап өтті.
"Қазір инфляциялық процестердің баяулап жатқаны түсінікті, сондықтан базалық мөлшерлеме төмендеді. Базалық мөлшерлеме төмендеген сайын нарықтық ипотека да арзандайды деп күтеміз", - деді ҚНРДА төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ журналистер келесі жылдан бастап қарыз алушылар ипотека бойынша қандай минималды мөлшерлемеге үміт арта алатынын сұрады.
"Біз ең төменгі мөлшерлемеге кепілдік бере алмаймыз. Бұл - нарық, нарықтық мөлшерлеме. Барлығы ағымдағы бағаға байланысты болады", - деп жауап берді Қизатов.
Ол қазіргі 17–18 пайыздық мөлшерлемемен нарықтық ипотеканы ұзақ мерзімді перспективада "кез келген жалақымен" өтеу қиын екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай өнім тек мөлшерлемелер төмендегеннен кейін ғана қарқынды дами бастайды.
Мән-жайы
Бұған дейін Қазақстанда ипотека бойынша шекті мөлшерлемені 25-тен 20 пайызға дейін төмендету жоспарланғанын жазған болатынбыз, алайда Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 18 пайызға дейін көтерілгеннен кейін банктер шарттарды қайта қарап, ипотекалық қарыз беруді тоқтата бастады.
Сондай-ақ мөлшерлемелердің ықтимал төмендеуінен кейін ипотека мен тұрғын үй нарығында не болатынын талдаған едік. Сарапшылар арзан несиелер сұранысты жандандыруы мүмкін екенін, бірақ сонымен қатар баспана бағасына қосымша қысым жасауы ықтимал екенін атап өткен.
2026 жылғы 5 маусымда Ұлттық банк кейінгі екі жылда алғаш рет базалық мөлшерлемені 18-ден 17 пайызға дейін төмендетті. Қизатов түсіндіргендей, нарықтық ипотеканың алдағы динамикасы көбіне дәл осы базалық мөлшерлемеге байланысты болмақ.
