Ливан “Хезболла“ мен Израиль арасындағы атыс ішінара тоқтағанын растады
Ливан Израиль мен "Хезболла" арасында ішінара оқ атуды тоқтату туралы жариялады, алайда шабуылдар әлі де жалғасып жатыр. Вашингтондағы Ливан елшілігі бұл келісім қақтығысты толық тоқтатпағанымен, елге жасалатын соққылардың қарқынын төмендетуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Келісім бойынша Израиль Бейрут пен оның маңындағы "Хезболла" бақылауындағы аудандарға соққы жасаудан бас тартады, ал Иран қолдайтын бұл топ өз кезегінде Израильге жасалатын шабуылдарын тоқтатады.
Дүйсенбі күні кешке Ливанның оңтүстігінде - наурыз айында Израиль басып кірген аймақта - ұрыс қимылдары жалғасты.
Келісім туралы алғаш болып хабарлаған АҚШ президенті Дональд Трамп "Хезболланың" делдалдар арқылы Израильге шабуыл жасамауға міндеттеме алғанын айтты. Бұған дейін бірде-бір АҚШ президенті "Хезболламен" тікелей де, делдалдар арқылы да келіссөз жүргізбеген болатын. АҚШ бұл топты террорлық ұйым деп таныған.
Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Бейрутқа шабуыл жасауға дайындалып жатқан барлық әскерін кері қайтаруға келіскенін мәлімдеді.
Трамптың мәлімдемесінен кейін Нетаньяху Израильдің Ливанның оңтүстігіндегі әскери операцияларын жалғастыратынын айтты.
"Хезболла" депутаты Хасан Фадлалла жасақтар Израиль әскерін шығарудың алғышарты ретінде бүкіл Ливан аумағында оқ атуды толық тоқтатуды қолдайтынын білдірді. Алайда ол топтың Израиль аумағына соққы беруді тоқтататын-тоқтатпайтынын нақтыламады.
