“Бәрі аман“. Ғылым министрі қазақстандық препаратты сынау нәтижесі туралы айтты
Қазақстанда онкологиялық ауруларға қарсы отандық препараттың клиникалық сынағы жалғасып жатыр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, адамдарға жүргізілген сынақтың бірінші кезеңі аяқталды, алдын ала нәтиже көңіл көншітерлік деректерді көрсетті - зерттеуге қатысушылардың бәрі аман, ал кейбір науқаста ісік кішірейгені тіркелді, деп хабарлайды TengriHealth.
Үкімет отырысында Саясат Нұрбек препаратты әзірлеу қауіпсіздік пен тиімділікті тексерудің бірнеше міндетті кезеңінен өтетінін айтты. Министр сынақ Астана, Алматы және Қарағандыдағы онкологиялық орталықтар базасында жүргізіліп жатқанын нақтылады.
"Біз адамдарға жүргізілетін клиникалық сынақтың екінші кезеңіне өттік. Бұл кез келген дәрі-дәрмекті әзірлеудің өте күрделі 6-7 кезеңнен тұратын процесі. Жануарларға жүргізілген сынақ пен адамдарға арналған бірінші кезең артта қалды. Қазір екінші кезеңге кірісіп жатырмыз, онда ең жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін қажетті нақты доза анықталады", - деді министр тілші сұрағына жауап бере отырып.
Зерттеудің аралық қорытындысы туралы сұраққа жауап берген Нұрбек бірінші кезең онкологиялық аурудың ауыр түрлеріне шалдыққан науқастарға жүргізілгенін еске салды.
"Алғашқы нәтижелер туралы бұған дейін баяндағанбыз. Зерттеу онкологияның ауыр түрлері бойынша жүргізілді", - деді ол.
Бұл ретте министр екінші кезеңнің алдын ала көрсеткіштерін жария етті.
"Барлығы аман қалды. Шамамен 30 пайызға жуық жағдайда ісік кішірейгені байқалды", - деп мәлімдеді Нұрбек.
Ол сынақ жалғасып жатқанын, билік егжей-тегжейлі мәліметтерді кейінірек ұсынуды жоспарлап отырғанын атап өтті.
"Меніңше, қыркүйекте Қарағанды, Алматы, Астана онкологиялық орталықтарындағы клиникалық сынақ қорытындысы бойынша жеке брифинг өткіземіз. Бәлкім, одан да ертерек, бірақ нақты нәтижелермен бөлісеміз", - деп атап өтті министр.
Нұрбек жыл соңына дейін дәріні тіркеу процедурасын бастау жоспарланғанын айтты.
Мән-жайы
2025 жылғы қарашада Қазақстанда обырға қарсы отандық препаратты клиникалық сынақтан өткізу шешуші кезеңге көшкені туралы хабарланған болатын. Әзірлеуші Дос Сарбасов бұған дейін жануарларға клиникаға дейінгі зерттеудің сәтті жүргізілгенін мәлімдеді.
Жаңа кезеңде емдеу тәсілі өзгерді: препараттың ісік пен метастаздарға тікелей әсерін, сондай-ақ пациенттердің оны көтере алу деңгейін бағалау үшін ол стандартты химиотерапияға дейін қолданыла бастады.
31 наурызда қатерлі ісікке қарсы отандық DVC препараты пацинеттерге клиникалық сынақтан өткізіле бастағаны белгілі болды.
Сынақ Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық базасында өтті, онда жасанды интеллектті пайдаланатын адаптивті сәулелік терапияны қоса алғанда, емдеудің заманауи әдістері қатар енгізіліп жатыр. Орталық мәліметінше, пациенттердің 80 пайыздан астамы ем қабылдап, мамандар нәтижелерді оң бағалап отыр.
Қатерлі ісікке қарсы отандық алғашқы препарат жасалғаны туралы 2024 жылдың басында белгілі болды. Кейін Саясат Нұрбек сынақ барысы мен көңіл көншітерлік нәтиже туралы айтып берді.
