Әділдік басты рөл атқарды - Тоқаев дала демократиясының бірегей үлгісі туралы
Астанада "Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік" атты халықаралық симпозиум өтіп жатыр. Жиында Президент Алтын Орда заманында озық іс жүргізу жүйесінің болғаны туралы нақты тарихи деректер бар екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Құрылтай институты дала демократиясының бірегей үлгісі ретінде қызмет етті. Ұлыстың әлеуметтік құрылымы айқын әрі тұрақты болса да, қоғамда қатып қалған қағида емес, әділдік басты рөл атқарды. Әскерде және мемлекеттік аппаратта темірдей тәртіпке, мінсіз қызмет пен меритократия қағидасына ерекше назар аударылды. Мұның бәрі алып державаны мекен еткен барлық этнос және түрлі топ өкілдеріне мол мүмкіндік берді", - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, ұтымды ішкі және сыртқы саясаттың арқасында қоғамда тұрақтылық сақталды, мемлекет те өсіп-өркендеді.
"Алтын Орда Мысыр мәмлүктерімен, Ватиканмен, Византиямен, Осман империясымен және Еуропа елдерімен тығыз дипломатиялық байланыс орнатты. Жалпы, тарихта "Ұлы дүрбелең" деген атпен қалған саяси дағдарыс кезінде де Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесі сыр берген жоқ, яғни, тұрақтылығын сақтап қалды. Бұл жүйені кейін Еуразия аймағындағы көптеген мемлекет басшылыққа алғаны баршаңызға мәлім", - деді Тоқаев.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
