Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев дүниеден озды
Қазақстанның халық әртісі, белгілі театр режиссері әрі педагог Есмұхан Обаев дүниеден өтті, деп хабарлайды Tengrinews.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
"Есмұхан Несіпбайұлы саналы ғұмырын қазақ театр өнерінің дамуына, сахна мәдениетінің өркендеуіне, ұлттық режиссура мен актерлік мектептің қалыптасуына арнаған көрнекті тұлға болатын", - делінген хабарламада.
Министрлік оның шығармашылық мұрасы мен мәдениетке қосқан үлесі халық жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.
Есмұхан Обаевтың өмірбаяны
Есмұхан Обаев 1941 жылы 23 маусымда Алматы облысының Кеген ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын Қазақ КСР халық артисі Асқар Тоқпановтың класы бойынша тәмамдаған.
Ол әр жылдары Қазақ мемлекеттік драма театрының режиссері болып жұмыс істеген, Мәскеудегі МХАТ-та тағылымдамадан өтіп, Семейдегі Абай атындағы қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері болған.
Сондай-ақ, Е. Обаев Жүргенов атындағы Алматы театр-көркемсурет институтының ректоры, Қазақстан Мәдениет министрінің орынбасары қызметтерін атқарған, ал 2001 жылдан 2013 жылға дейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрын басқарған.
Ол Қазақ КСР халық әртісі (1988), Өнер қайраткері (1975), "Тарлан" тәуелсіз сыйлығының лауреаты, "Парасат" және "Барыс" ордендерінің иегері.
Есмұхан Обаев "Абай", "Қарагөз", "Айман - Шолпан", "Ревизор", "Шыңырау түбінде", "Асауға тұсау" және өзге де ондаған спектакльдерді сахналаған.
