Енді таныс-тамыр көмектеспейді: депутаттар Алматыдағы жол апатынан кейін ауқымды шаралар қабылдауды талап етті
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыдағы қайғылы жол апатына қатысты қатаң мәлімдеме жасап, жол ережесін бұзып, өзгелерге қауіп төндіретін "шенеуніктер мен бизнесмендердің балалары" мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр. Үкімет кулуарында журналистер депутат Бақытжан Базарбектен Алматыда резонанс тудырған жол апаты туралы пікірін сұрады.
"Мұның қандай салдарға әкелгенін білеміз. Сондықтан, менің ойымша, ішкі істер органдарында ауқымды тазарту жүргізу қажет. Ең алдымен барлық бейнекамераны толық көтеруден бастау керек. Себебі ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылған басшылық қызметкер - ол соңғысы емес. Мен өзім Алматыда, әл-Фараби көшесінде тұрамын. Күн сайын көріп жүрмін: спорткарлар, қымбат көліктермен "жүйткіп" жүреді. Бірақ олардың айыппұл төлеп жатқанын, біреудің жұмыстан шығарылғанын немесе жауапкершілікке тартылғанын көрмейміз. Сондықтан ішкі істер органдарында ауқымды тазарту қажет. Тек ішкі істер департаментінде ғана емес (Алматыда - еск.), бүкіл Қазақстан бойынша. Жоғары лауазымды шенеуніктердің балалары, ірі бизнесмендердің балалары, ішкі істер органдарындағы қызметкерлер "қорғайтын" мұндай мажорлар тек Алматыда ғана емес, басқа өңірлерде де бар, әр өңірде кездеседі", - деді Бақытжан Базарбек.
Оның айтуынша, жұмыстан босату шаралары тек Алматыда ғана емес, осындай жол апаттары болған басқа да өңірлерде жүргізілуі тиіс.
"90-жылдардағыдай мажорлардың дәуірі өтті. Сондықтан, біз - депутаттық корпус - ішкі істер министріне жол қозғалысы жүйесінде тәртіп орнату мәселесін қатаң тапсыру туралы Президентке дәл қазір үндеу жасауға дайынбыз деп ойлаймын", - деді депутат.
Ол бұл факторлардың барлығы Қазақстанда күтіліп отырған әкімшілік рақымшылық кезінде ескерілуі тиіс екенін айтты. Тиісті заң жобасы жуырда Мәжіліске келіп түсуі керек.
Мән-жайы
21 наурызға қараған түні Алматыда ірі жол апаты болды: Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты.
Mercedes маркалы көліктің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалды, ол түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.
Оған қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Толығырақ мына сілтемеде: Әл-Фараби даңғылындағы қайғылы жол апаты: тағы бір адам ұсталды
