Қазақстандағы мүгедектігі және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар мөлшері аталды
2025 жылы қазақстандықтарға 746 миллиард теңгеге жуық сомада мүгедектігі және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер төленді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылы мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (МӘЖ) төлеуге республикалық бюджеттен 655,7 миллиард теңге жұмсалған. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 90,3 миллиард теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды. Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.
2025 жылдың қорытындысына сәйкес, мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 553,9 мың адам, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 191,9 мың адам болған.
"Мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 10 пайызға өсті. ҚР Үкіметінің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-дан төленетін төлемдердің мөлшері де 10 пайызға артты", - делінген хабардамада.
Биыл жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері
1-топ үшін – 111 872 теңге,
2-топ үшін – 89 498 теңге,
3-топ үшін – 61 021 теңге болады.
2026 жылығы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 72 409 теңге, асыраушысынан айырылу бойынша – 73 306 теңге болады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
