СІМ: Сириядағы қақтығыста оққа ұшқандар арасында қазақстандықтар жоқ
Сирияда таяуда болған ұрыстан Ресей мен ТМД елдерінің ондаған азаматы зардап шеккен. Ресей СІМ «қақтығыстан құрбан болғандар да бар болғанымен, олардың арасында ресейлік әскерилер жоғын» хабарлаған.
Хабарламада таяуда болған әскери қақтығысқа Ресей әскерилері қатыспағаны және штаттық техникалық құралдар қолданылмағаны, бірақ бірнеше ресейлік пен ТМД елдерінің азаматтары қаза тауып, ондаған адамның жараланғаны айтылады. «Олардың Ресейге оралуына көмек көрсетілді. Бізге белгілісі - олар Ресейде ауруханаларда емделіп жатыр» делінген комментарийде.
Бұған дейін шетелдік БАҚ Сирияның Дейр-эз-Зор провинциясында АҚШ бастаған коалиция нысанының маңында болған ұрыстан «Вагнер жекеменшік әскери компаниясының» 200-ге тарта жалдамалы сарбазы оққа ұшқанын хабарлаған еді. Ресей СІМ ресми өкілі бұл ақпаратты «дезинформация» деп атаған.
