Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары: Стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы апта Қазақстан үшін тарихи сәтке толы болды. Тіпті әлемдік қауымдастықтың назарында болғандықтан халықаралық сарапшылар тарапынан бұны «Қазақстанның жұлдызды сәті» деушілер де болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осы аптадағы АҚШ-қа ресми сапары Елбасының 2018 жылдағы алғаш шетелдік сапары болса, Ақ үйдің қожайыны Дональд Трамп үшін де жыл басталғалы бергі шетелдік мәртебелі мейманды ресми резиденциясында алғаш қарсы алуы екен. Қарсы алу демекші, алпауыт мемлекеттің президенті Қазақстанның Елбасына жылышырай танытқанын әлем жұртшылығы байқады. Бұл солай болуы тиіс те секілді. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдік қауымдастық, соның ішінде ресми Вашингтон да «станмен» аяқталатын мемлекеттің басшысы ретінде ғана емес, Орталық Азия мен Еуразиялық Одақ көшбасшыларының бірі, түркі жұрты мен мұсылман елдерінің ең беделді тұлғасы, ядролық қаруды таратпау жаһандық қозғалысының көсемі ретінде мойындайды.