“Есі дұрыс сталкер із қалдырмайды” - депутат қудалауды дәлелдеудің қиындығы туралы
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек сталкингке қатысты істердегі басты мәселелердің бірі дәлелдемелер жинау болуы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы ол Мәжілісте өткен сталкинг және некеге мәжбүрлеу тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Депутаттың айтуынша, әлеуметтік желілер арқылы бақылау мен қудалаудың өзге де нысандарын дәлелдеу әрдайым оңайға соға бермейді.
"Мұнда түрлі жағдай болуы мүмкін және оны дәлелдеу өте қиын", - деді Базарбек.
Ол сталкингтің бірнеше негізгі белгісі бар екенін атап өтті. Біріншісі - адамның еркінен тыс бақылау немесе қудалау. Екіншісі - мұндай әрекеттердің заңсыз сипаты. Үшіншісі - елеулі зиян келтіру.
Депутаттың сөзінше, дәл осы соңғы тармаққа қатысты қиындықтар туындауы мүмкін.
"Елеулі зиянды қалай дәлелдеуге болады? Адам психологиялық тұңғиыққа түсуі керек. Бірақ құқық қорғау органдары бұл тұңғиықты қалай бағалай алады? Психологиялық қолайсыздықты немесе стрессті елеулі зиян деп есептей аламыз ба? Әлде бұл үшін психологтың жазбасы немесе оған жүгіну қажет пе? Бұл өте күрделі мәселе", - деді Базарбек.
Мәжілісмен бұл мәселелер реттелмесе, сталкингтен зардап шеккендер сотта қиындықтарға тап болуы мүмкін екенін баса айтты.
"Ертең сталкингтен зардап шеккен жандар мұны сотта дәлелдей алмауы мүмкін. Сталкерлер де, әрине, адвокаттар жалдап, қорғанады", - деді ол.
Базарбек дәлелдемелерді жинау кезіндегі кедергілерге жеке тоқталды.
"Сталкинг кезінде хат-хабарлар жойылуы мүмкін. Қалыпты сталкер ешқашан артынан хабарлама қалдырмайды. Ол із қалдырмауға тырысады. Мұндай жағдайда зардап шегуші қудалауды қалай дәлелдемек?" - деген сұрақ қойды депутат.
Парламент мүшесінің айтуынша, қоңыраулар жазбасы, камералардағы бейнежазбалар, куәгерлердің айғақтары мен хат-хабарлар дәлел бола алады. Бірақ бұл жерде де мәселе бар: камералар болмауы мүмкін, хабарламалар жойылуы мүмкін, ал куәгерлер әрдайым айғақ беруге дайын емес.
"Куәгерлердің жауаптары, хат-хабарларды жинау, қоңырауларды жазу, бейнежазбалар және басқа да дәлелдемелер - бұл ескеруді қажет ететін бөлек әрі күрделі мәселе", - деп түйіндеді Базарбек.
Мән-жайы
Қазақстанда 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік қолданылады. Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы бойынша қудалау үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.
Бұған дейін Қазақстанда сталкинг туралы жаңа бап бойынша ондаған іс қозғалғанын жазған болатынбыз. Ішкі істер министрлігі заң адамды қудалаудың ерте кезеңінде қорғауға және психологиялық әрі физикалық зиянның алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өткен еді.
Сондай-ақ Қазақстанда некеге тұруға мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Жаңа 125-1-бап некеге тұруға немесе бірге тұруға мәжбүрлегені үшін, оның ішінде қорқыту, бопсалау, психологиялық қысым көрсету, зорлық-зомбылық немесе алып қашу арқылы жасалған әрекеттер үшін жазаны қарастырады.
Тағы оқыңыз: “Уайымдайды, қызғанады“ - депутат Қазақстандағы сталкингті ақтау әрекеттері туралы
